Түнгі клубтағы жанжал: Павлодарда екі күдікті ұсталды
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық демалыс орындарында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, түнгі ойын-сауық орындарына ерекше назар аударылады. Себебі мұндай жерлерде туындаған жанжалдар төбелеске және басқа да құқық бұзушылықтарға ұласуы мүмкін.
Павлодар қаласындағы екі түнгі клубта полиция қызметкерлері бұзақылық әрекеттердің екі фактісін анықтап, жолын кесті.
– Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Тұрғындар мен қала қонақтарын жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, әр азаматтың саналылығына да байланысты, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Полицияның мәліметінше, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, ойын-сауық орындарына келушілердің қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Құқық қорғау органдары ойын-сауық орындарының әкімшіліктерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кездесулер барысында қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау, келушілерге бақылауды күшейту және жанжал туындаған жағдайда дер кезінде әрекет ету қажеттігі түсіндіріледі.
Полиция тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, жанжалға жол бермеу және төбелеске қатыспауға шақырады. Кез келген құқық бұзушылық немесе оқиға туралы полицияға дереу хабарлау қажет.