Павлодар облысының тұрғындары құжаттарды саусақ іздері арқылы алатын болады
Мұндай мүмкіндік келесі жылдан бастап енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ғомар Шабиденов мәлім етті.
– Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары мен тұрақты тұратын шетелдіктерді дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. 12 жасқа дейінгі балалар бұл процедурадан босатылады. Дактилоскопиялау азаматтың құжаттарды дайындауға өтініш жасауына қарай жүргізілетін болады,– деді спикер.
Жалпы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді, алайда міндетті құжаттама тек 2024 жылдан басталады.
– Бүгінде екі мың азамат өз қалауы бойынша саусақ ізін қолдану арқылы құжатталған, – деп атап өтті Ғомар Шабиденов.
Оның сөзінше, соңғы төрт жылда заңсыз құжаттаудың екі фактісі тіркелген болатын. Екі ұқсас адам басқасының атынан жеке куәлігін алып кеткен жағдай болған еді. Осындай қателікті көші-қон қызметкерлері бірден анықтаған болатын.
– Саусақ іздерінің болуы мұндай фактілерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Құжаттарды қалпына келтіру процедурасын жеңілдетеді және тездетеді. Яғни адамның жеке басын сәйкестендіру саусақ іздері арқылы анықтауға болады, – деп түсіндірді спикер.
Айта кетейік, бүгінде ең басты цифрлық құжаттар – жеке куәлік, төлқұжаттар, туу туралы куәлік мобильді қосымшаларда қолжетімді және барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдарда қабылданады. Сондай-ақ азаматтар екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тұрғылықты жері бойынша тұру немесе есептен шығу мүмкіндігін пайдаланады. Биыл 27 мыңнан астам азамат тұрып, тіркеуден шықты. Ал жеке куәліктің қолданылу мерзімінің аяқталғаны туралы азаматтардың ұялы телефондарына SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл тұрғындарды қажетсіз айыппұлдардан сақтайды.