Павлодарда Қала күніне орай басты сахна жаңартылып, қосымша LED-экрандар қойылды
Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысының айтуынша, биыл мерекелік концерт өтетін басты сахнаның техникалық жабдықталуына ерекше көңіл бөлінген. Дыбыс және жарық жүйелері жаңартылып, LED-экрандардың мүмкіндігі күшейтілген. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарының концертті ыңғайлы тамашалауы үшін сахнаның жоғарғы бөлігіне қосымша екі LED-экран орнатылған.
Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама 25 шілде күні таңертең Ертіс жағалауында өтетін шахмат турнирімен басталады. Сол күні кешкі сағат 19:00-де Ertis Promenade сахнасында ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылады. Кеш дәстүрлі мерекелік отшашумен аяқталады.
Мерекелік іс-шаралар 26 шілдеде де жалғасады. Ertis Promenade алаңында Counter-Strike турнирінің шоу-матчы және финалдық кездесулері өтеді.
Қала әкімі павлодарлықтар мен шаһар қонақтарын Қала күнін бірге атап өтуге шақырды.