Павлодарда қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдері байқауға түсті

Павлодарда қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдері байқауға түсті
Фото: Instagram @ertis_madenieti

Туған жеріне сүйіспеншілік білдірген жастар сыйлықтар алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен этнос жастары арасында облыстық «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты конкурсы өтті.

Аталған байқау мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос жастарын анықтау және оларды қолдау, ынталандыру, сондай-ақ, жастар арасында тіл мәдениетінің деңгейін, қолданылуын арттыру мен жастардың мәдени, рухани дамуына үлес қосу мақсатында өткізілді.

Конкурс ереже талаптарына сәйкес төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетті, ал екінші кезеңде ұсынылған мақал-мәтелді жалғасытырды. Үшінші кезеңде Отан, туған жер, салт-дәстүр, белгілі тұлғалар тақырыптарында ойларын жеткізді және соңғы кезеңде берілген сұрақтарға жауап берді.

Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды Ақсу қаласының қатысушысы Айгерім Шанышпаева иеленсе, II орынға Екібастұз қаласының үміткері Алина Тахирова және III орынға Успен ауданының тұрғыны Рада Коломина лайықты деп танылды.

Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.