Баянауылда атақты айтыскерлер өнер көрсетеді
Айтыс Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, 16-17 тамыз күндері Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті, геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған мерейтойы аясында айтыс ұйымдастырылмақ.
Бұл айтыста Аспанбек Шұғатай, Рауан Қайдар, Нұрқанат Қайрат сынды жергілікті айтыскерлерден бөлек қарағандылық Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, тараздық Айтбек Тұрсынбай, елордалық Еркебұлан Қайназаров, қызылордалық Мұхтар Ниязов, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, Шығыс қазақстандық Нәрия Ақбабақызы, атыраулық, Батыржан Кәдірбай, маңғыстаулық Абай Жолмағанбет өнер көрсетпек.
16 тамыз күні Павлодар қаласында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Қаныш ізбасарлары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау, Баянауыл ауылының мәдениет үйінде ақындар айтысы ұйымдастырылмақ. Ал 17 тамыз күні Қ.Сәтбаев, Ж. Аймауытов пен Ә. Марғұланға арналған кітаптардың тұсаукесерлері, Баянауыл ауданы Мойылды шатқалында ақындар айтысы, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт, Ортаазиялық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді.