Павлодарда ұлттық киім көрмесі өтті
Достық үйінің 15 жылдығына орай әр айдың 15-і күні «Ұлттық киім – ұлттың көркі» акциясы өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кезекті шараға Павлодар мен Ақсу қаласының ауылдық аймағынан, Тереңкөл ауданынан және «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығынан сәндік-қолданбалы өнердің білгірлері мен шеберлері жиналды.
- Олардың қолымен жасалған бұйымдардың «Мұра мен дәстүрлер» атты көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде былғарыдан, сүйектен, жүннен, тастардан жасалған заттар, тоқыма, кесте бұйымдары және заманауи авторлық жұмыстар орналасты, - деді Достық үйінде.
Көрменің ұйымдастырушысы – Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесінің, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, зергерлік бұйымдар шебері Виктория Сұлтанова.
Фестиваль қонақтары арасында «ELF» үйлену салонының Alexandra DRESS HAYAT ұлттық киімдер топтамасының көрсетілімі үлкен қызығушылық тудырды.
Сондай-ақ №17 мектептің жаттықтырушысы Еркін Қожабековтің жетекшілігімен оқушылар асық ойынын ойнады, шеберлік сыныбын өткізді. Оған «Ассамблея жастары» бірлестігінің белсенділері де қатысты.
Дефиле ұрпақтар сабақтастығы мен этносаралық бірлік қағидатын қолдай отырып, әртүрлі жастағы этнос қатысушыларын біріктірді. Дефилені аға буын өкілдері, «НҰР–АНА әлемі» ҚБ мүшелері ашты. Көрсетілім соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұрия Кубенова этно-fashion идеясын қолдағандардың барлығына ризашылығын білдіріп, оларға Алғыс хаттар табыс етті.
Фото: «Қоғамдық келісім» мекемесі