Жас қанат: Павлодарлық жас әншілер қайда шыңдалуда?
Студия ашылғаннан бері жүздеген әнші түлеп шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығындағы «Жас қанат» вокал студиясы – Ертіс-Баян өңіріндегі жүздеген жас таланттың шыңдалуына ықпал етіп келе жатқан өнер ұжымы. Кішкентай әншілердің жұлдызын жағып, үлкен сахнаға бейімдеуді көздейтін студия 2003 жылы құрылды.
Студия түлектері облыстан бөлек, халықаралық, республикалық түрлі фестивальдар мен байқауларда топ жарып, облыстың жүлде қоржынына олжа салғандары жетерлік. Өнер ұжымының көпжылғы тәжірибесі мен абыройының нәтижесінде студияның аты алысқа тарады.
Атап айтар болсақ, республикалық «Ғұмырдария», «Ақ көгершін», «Балдәурен», А. Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Мен де жұлдыз боламын», «Өнерпаз болсаң арқалаң» республикалық ән сайыстарында, «Be A Star», «Самға әуен», «Zhuldyz art Kazakhstan» және тағы да басқа халықаралық ән байқауларында жас қанаттықтар үнемі жүлденің алдын бермей келеді.
– Жасқанаттықтар облыс орталығындағы «Ардагерлер үйімен», түрлі ұйымдармен, мектептермен, өзге де еңбек ұйымдарымен шығармашылық тығыз байланыста. Мерекелерде біздің әншілеріміз аталған мекемелерде өтетін концерттерде өнер көрсетеді, – дейді вокалдық ұжымның жетекшісі Айгүл Қалтаева мақтанышпен.
«Жас қанат» репертуарындағы әндер түрлі жанрда бар. Ұзын саны 80-нен асады.
– Әр әнді талғаммен таңдап, әр баланың шама-шарқына қарай орындау мәнері пысықталады. Оларды ынталандыру үшін түрлі ән байқауларына дайындап, додаға қосады,– деді Айгүл Қалтаева.
Еске сала кеетейік, былтыр қарашада хореография, вокал және аспаптық өнер бойынша өткен «Zhuldyz art Kazakhstan» халықаралық байқауында «Жас қанаттың» бір топ жас әншісі қатысып, гран-при жүлделерін жеңіп алды. Атап айтқанда Айнель Лятина, Малика Аяғанова, Аяжан Зубаирова өз жас шамалары бойынша үздік шықты. Оларға Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде өтетін халықаралық байқауға тегін қатысуға мүмкіндік беретін жолдамалар, арнайы кубоктар және дипломдар табысталған болатын.