Павлодарда ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан байқау өтті

Павлодарда ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан байқау өтті
Фото: Амира Жартекей

Павлодар облысында «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық қоры «Әже мен немере» байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық қорының төрайымы Бақытжамал Максилованың айтуынша, байқау қордың 35 жылдық мерейтойына орай наурыз айынан бері кезең-кезеңімен өткізіліп келеді.

– Алғашқы кезең Железин ауданында ұйымдастырылса, кейін Шарбақты ауданында жалғасты. Бүгінгі кезеңге Екібастұз, Ақсу, Баянауыл және Май аудандарының өкілдері қатысты, – деді Бақытжамал Максилова.

Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін және отбасын таныстырып, отбасылық шежіре, ортақ қызығушылықтар мен хоббиі және отбасы өміріндегі маңызды сәттер туралы баяндады.

Екінші кезеңде әже мен немере бірлесіп жасаған қолөнер туындыларын қазылар алқасына ұсынды. Қатысушылар бұйымдардың жасалу жолын түсіндіріп, оны бейнежазба арқылы таныстырды.

Үшінші кезеңде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Олар сүйікті әндерін орындап, би билеп, аспапта ойнап, сондай-ақ әдеби шығармалардан театрландырылған қойылымдар көрсетті.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға қатысқан немерелердің жасы 9 бен 14 жас аралығында болса, әжелердің жасы 60-80 жас және одан жоғары. Биылғы байқаудың ерекшелігі – кейбір әжелердің екі немересімен бірге қатысуы.

– Біздің негізгі мақсатымыз – әже мен немере арасындағы байланысты нығайту, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан, соның ішінде әженің тәлімінен басталады, – деді қор төрайымы.

Ақсу қаласынан келген байқау қатысушысы Бибігүл Нұрмұхамбетова немересі Кәусар және жиені Ангелинамен бірге сайысқа тыңғылықты дайындалғанын айтты.

– Немерелерімді ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеп, осындай байқауларға тұрақты қатыстыруға тырысамын. Бұл байқауға арнайы қолөнер бұйымдарын әзірледік. Олардың қатарында заманауи жібек жіптерден жасалған панно, киіз үйге арналған аяққап, аппликация және көзтұмар бар. Қазіргі жастар телефонға көп көңіл бөледі, сондықтан ата-бабадан мирас болып келе жатқан әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді насихаттау өте маңызды. Осындай байқаулар арқылы балалар ұлттық құндылықтарды танып, үйренеді, – деді Бибігүл Нұрмұхамбетова.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақсу қаласынан келген Бибігүл Нұрмұхамбетова мен оның немересі және жиені –Кәусар Дәулетбек пен Ангелина Гайдаренко иеленсе, екінші орынды Баянауыл ауданынан қатысқан Раиса Әкіжаева мен немересі Әмина Адамға бұйырды. Ал үшінші орынды екібастұздық Маруаш Сағандыкова және немерелері Амира Дәулет пен Айзере Айтжанова жеңіп алды.

Жыл бойы өткен кезеңдердің жеңімпаздары 15 қыркүйекте өтетін «Нұр Ана әлемі» қоғамдық қорының 35 жылдық мерейтойында марапатталады. 

Бұдан бөлек, мерекелік шара барысында қордың белсенді мүшелері – ұзақ жылдар ұлттық тәрбие құндылықтарын,  қазақ халқының салт-дәстүрі мен  асыл қазынасын   насихаттау жолында  адал қызмет етіп жүрген бірқатар жан марапатталды. Атап айтқанда, іс-шара барысында қоғамдық бірлестіктің мерейтойлық медалымен Ақсу қаласының тұрғыны Макзума Мадирова, Баянауыл ауданынан Әсия Еселбаева мен Баян Башарова, Екібастұз қаласынан Қазынагүл Алпысбаева, Май ауданынан Рысты Ахметова мен Нұржамал Сыздықбаева, сондай-ақ Балжан Бейсекеева марапатталды. Сонымен қатар, Аналар кеңестерінің жұмысына белсенді атсалысып жүрген Ақсу қаласының өкілі Рымкеш Сламбекова, Екібастұз қаласынан Маруаш Сағындықова, Баянауыл ауданынан Баян Кәрібжанова және Май ауданынан Ақмарал Нажмиденоваға қоғамдық бірлестік төрағасының Алғыс хаты табысталды. Ал сәндік-қолданбалы өнер саласында халықаралық деңгейде жетістікке жетіп, GLOBAL BEST OF RECORDS фестивалінде жоғары бағаланған шеберлер Айман Сыздықова, Ғалия Сұңғатова, Айымгүл Омарханова, Гүлмайра Асымхан және Зайра Шәріпхан арнайы Алғыс хатымен марапатталды.