Павлодарлық театр актердің мерейтойын сүйікті қойылымымен тойлады
Бек Тоқатовтың елу жасқа толғанына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
3 қарашада Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының белді актері, Мәдениет саласының үздігі Бек Тоқатовтың 50 жасқа толған мерейтойына орай театр сахнасында актер басты ролдің бірін ойнайтын «Кербез келіндер» комедиясы сахналанды.
Театр басшысы Арман Темірбек пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Дәурен актерді жаңа жасымен құттықтап, аймақ басшысының атынан құттықтау хатын және Қазақстан театр қайраткерлері одағының Құрмет грамотасын табыс етті.
– Сізге үлкен шығармашылық табыс, зор денсаулық, өміріңізге берекет пен бақыт тілейміз. Өнер төрінде қанатыңыз талмай самғай беріңіз, – деп жақсы тілектерін төкті Әділ Дәурен.
Аға буын актер әріптесінің талмай еңбектенген игілікті еңбегін көрермендерінің жоғары бағалап, құрметке бөленіп жүруіне тілектес екенін айтты.
– Көрермендерге жақын, әрбір отбасыда кездесетін мәселелерді қозғайтын көбіне терең ой салып, болашақ отбасы өміріне қатысты жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін, өзіме ұнайтын осы қойылымды бүгінге таңдап алдық, – деді Бек Тоқатов.
Сахналанған «Кербез келіндер» комедиясының авторы - Ерсайын Төлеубай, режиссері - Ержан Қауланов. Көрермендерге алғаш рет 2021 жылы ұсынылған. Өзекті тақырыптарды шынайы әрі әсерлі жеткізіп, әркімнің жүрегіне жол таба білген қойылым көп сұранысқа ие. Спектакльде бір отбасының үш келіні мен ата-енесінің арасындағы қарым-қатынас, қазіргі жастардың үлкендермен бірге емес, бөлек тұрғысы келетіні және әр келіннің мінездерінің отбасыда қандай орын алатыны көрсетілген.
Айта кетерлігі, мәдениет саласының үздігі Бек Тоқатов 17 жылдан бері облыстық қазақ музыка-драма театрында еңбек етіп келеді. 2007 жылы театрдың драма артисі болып қабылданғаннан бері талмай еңбек етіп, бүгінде өнер ұжымының белді актерінің біріне айналды.
Бек Тоқатов 1974 жылы 3 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Теректібұлақ ауылында туған. Штраустың «Жарқанатында» Жалшы, Орманшы, Әуеозовтің «Айман - Шолпанында» Ақсақал, Аймауытовтың «Ақбілегінде» Ақбала, Шанинның «Арқалық батырында» Жаманбай, Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымында Лорд Стэнли, Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қодардың досы, тағы басқа көптеген спектакльдерде маңызды рольдерді сомдады. Соңғы сомдаған образдары «Шәмші» мен «Менің атым Қожа» спектакльдерінде жарқырай көрінді.