Павлодарда әлемге әйгілі тіл білімі ғалымдары бас қосты
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Даналық тілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, конференция Дрезден технологиялық университетінің (Германия) ғалымдарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Пленарлық отырысқа Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Жанбол Жилбаев қатысып, сәттілік тіледі. Халықаралық дәрежедегі маңызды ғылыми шараға Германиядан және Ресейден арнайы келген әлемге әйгілі тіл білімі ғалымдары баяндама жасап, университет ұжымы алдында дәріс оқыды.
«Ғалымдар ғылым туралы, тіл туралы, сөздің даналығы туралы ғана емес, әлем тыныштығы, адамгершілік, достық туралы да айтты. Мұндай жиындар мен аталған тақырыптағы зерттеулер халықаралық деңгейдегі беделді ғалымдармен байланысымызды нығайта түседі. Марғұлан университетінің қабырғасында айтылған ой-пікірлер ғылыми қауымның қызығушылығын тудырып, көне заман мен жаңа заманның даналық дәстүрі жалғасын табады деп ойлаймыз», – деді филология ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Людмила Тоқатова.
Оның айтуынша, конференцияда жарияланған және сессиялар барысында қарастырылған тақырыптар өте өзекті. Конференция нәтижелерін әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларында қолдануға болады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік әзірлемелер, сондай-ақ гуманитарлық ғылымдар саласында алынған нәтижелерді енгізу бойынша халықаралық тәжірибемен жемісті алмасу болды.
Конференция соңында мәртебелі меймандар «Margulan centre» археологиялық орталығына арнайы барып, ғылыми зертханалардың жұмысымен танысты.
Бірнеше жоғары оқу орындары ғалымдарының бірлескен зерттеу жұмысы нәтижесінде монография жазылды, ол Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жарық көреді.