Футболдан Павлодар облысы чемпионатының плей-офф қатысушылары анықталды

Футболдан Павлодар облысы чемпионатының плей-офф қатысушылары анықталды

Облыстың қысқы біріншілігінің топтық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соңғы турда «Ақсу-М» «Ақсу» футбол орталығының ойыншыларын 1:0 есебімен тізе бүктірді, «Ақбет» «Ертіс» БЖМОРМ командасын 3:0 есебімен жеңді. «Нардос» «Алюминщикті», ал «Медик» - «Jastar» ұжымын 4:0 есебімен тас талқанын шығарды.

Естеріңізде болса, сегіз команда төрт-төртен екі топқа бөлініп ойнады. «А» тобында қарсыластарына 11 гол соққан «Медик» ешкімге дес бермеді. «Медиктер» құрамында Асқат Мұсатаев, Константин Заречный, Павел Шабалин мен Марат Ісқұлов ойнайтынын ескерсек, бұл нәтижеге таңқалуға болмайды. Екінші орынды «Ақбет» иемденді.

Қатар ойнаған топта «Ақсудың» жастар құрамы жеңіске жетті. Олардың жасы кіші клубтастары топтағы екінші орынға ие болды. Екінші орын тағдыры бірінші турда-ақ шешілген еді. Сол кезде «Ақсу» футбол орталығының тәрбиеленушілері «Нардосты» 1:0 есебімен жеңген еді. «Нардос» соңғы турда қалай тырысқанымен, оның 4:0 есебімен жеткен жеңісі оларға ешбір көмек бола алмады. 

Жоғарыда аталған топ жеңімпаздары мен екінші орынға ие болғандар жартылай финалдық жұптар құрды: «Медик» - «Ақсу» ФО, «Ақсу-М» - «Ақбет».

Фото: автор