Павлодар облысында екпенің 20-дан астам түрі сатып алынуда

Павлодар облысында екпенің 20-дан астам түрі сатып алынуда
фото: Константин Шелков

Жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Дина Шакратованың мәліметінше, биыл жергілікті бюджет есебінен вакциналау науқанын жүргізуге 1 миллиард 367 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

– Тасымал кестеге сай жүзеге асырылуда. Сатып алынатын екпе түрлері – 21. Қазіргі уақытта 384 миллион теңгеден астам қаражатқа препараттың бес түрі жеткізілді, – дейді Дина Шакратова.

Сатып алу орталықтандырылған түрде бірыңғай дистрибьютор арқылы жүзеге асырылады. Бұл сенімді өндірушілерден сапалы әрі сертификатталған препараттардың жеткізілуін қамтамасыз етеді. Олар халықаралық қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкес келеді. 

– Әр партия тасымалдау кезінде қатаң сапа бақылауынан өтеді, ал сақтау барысында «суық тізбек» сақталады. Вакцинацияның арқасында облыста тұрақты жағдайды ұстап тұруға мүмкіндік бар. Екпе гепатит, полиомиелит және басқа да вакциналармен басқарылатын инфекциялардың өршуін болдырмайды, – дейді маман.

Айта кетейік, облыста инфекциялық аурулардың төмендеуі байқалуда.