Павлодарда 22 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Павлодарда 22 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Фото: Амира Жартекей

Биыл жол жөндеу науқаны әдеттегіден ерте басталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында ағымдағы жылы 22 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.

Қазіргі таңда жұмыстар бес көшеде қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, Қайырбаев, Бұқар жырау, Жібек жолы көшелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар бүгіннен бастап Сәтбаев көшесінде де жұмыстар қолға алынды.

Сәтбаев көшесінде қазіргі уақытта ескі асфальт жабынын фрезерлеу жұмыстары жүргізілуде. Одан кейін жолға қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон төселеді.

– Бұл технологияны біз өткен жылдан бастап қолдана бастадық. Биыл көктемде осы әдіс пайдаланылған учаскелерді тексердік. Нәтижесінде жол жабынында жарықтардың жоқ екені анықталды. Бұл оның қызмет ету мерзімін айтарлықтай ұзартады, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, қиыршықтас-мастикалық асфальттың құны дәстүрлі асфальтқа қарағанда шамамен 30 пайызға жоғары. Дегенмен, мамандар бұл технологияның тиімділігі жоғары екенін атап өтуде.

Сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстары барысында су арнасы мекемесімен үйлестіру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жаңа төселген асфальтты кейін қайта қазу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қаладағы негізгі магистральды көшелерде, оның ішінде Назарбаев даңғылында да жөндеу жұмыстары жүргізілмек.