Павлодар облысы экономиканың негізгі көрсеткіштері бойынша екінші орында тұр
Келер төрт жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының алғашқы кезеңі әзірленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
– Павлодар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді: экономикалық, бюджеттік жоспарлау, сонымен қатар, аумақтық даму. Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканың алты пайыздық өсіміне жету үшін резервтер анықталды. Бірінші жартыжылдық қорытындысына сәйкес біздің облыс ел бойынша экономиканың негізгі көрсеткіштері бойынша екінші орынға ие, – дейді Ирина Назарчук.
2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының алғашқы кезеңі әзірленді. Құжат облыстың даму жоспарының 124 мақсатты индикаторы бойынша негізге айналады.
Айта кету керек, үш жылдық бюджет 483,7 миллиард теңгені құрайды, бұл бекітілген көлемнен 7,5 пайызға көп. Әлеуметтік сала шығындары 293 миллиард теңгені немесе жалпы бюджет көлемінің 59 пайызын құрайды.