Павлодар облысында газбен жабдықтау мәселелері талқыланды

Көгілдір отынды жеткізу әзірге қымбат және логистикалық тұрғыдан күрделі міндет болып қала береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысына жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Екібастұз тұрғындарымен кездесіп, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді тәсілі туралы айтты. Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі – Павлодар облысын қоса алғанда, елдің солтүстік-шығыс бөлігін газдандыру.
– Қазақстанды газдандыру батыс пен оңтүстіктен келеді, тіпті Астана да Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды өткелі арқылы газдандырылады, сол жерден солтүстік-шығыс өңірлерді толық қамтамасыз ету өте проблемалы және қымбат, – деп мойындады вице-министр. – Сондықтан Ресей – Қытай транзиттік құбырының мәселесі қарастырылуда.
Ресей тарапымен келіссөздер қазірдің өзінде жүріп жатыр: жалпы көлемі анықталды – жылына 10 миллиард текше метр газ. Алайда, энергетика, өнеркәсіп саласында газ құбырын салу айтарлықтай инвестицияларды қажет ететіндігін ескере отырып, тұтыну көлемін нақты анықтау қажет.
– Мысалы, егер Павлодар облысы 2 миллиард текше метрді сұраса, онда бұрын қажеттіліктерін мәлімдеген барлық кәсіпорындар, тіпті барлық көлемді нақты пайдаланбаса да, оларды төлеуге міндетті болады, – деп түсіндірді спикер.
Сұнғат Есімханов энергетикалық стратегия газ бен көмір өндірісінің дамуы арасындағы тепе-теңдікті сақтайды деп мәлімдеді. Газдандыру жөніндегі жобалардың ілгерілеуіне қарамастан, Екібастұз станциялары одан әрі, оның ішінде басқа қалаларда жаңа объектілер салу арқылы жұмыс істейтін болады.
Министрліктің өкілі энергетика, коммуналдық сектор бойынша ұлттық жобалар мәселесіне тоқталды.
– Біз тарифтердің күрт өсуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан қазір Парламентте осы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша заңнамалық түзетулер қабылдануда, – деді вице-министр.
Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жылу желілерін жаңғыртуды қаржыландыру тарифтік және бюджет қаражатын тарта отырып жоспарланып отыр. Жекелеген іс-шаралар облигациялар шығару арқылы әкімдіктермен бірлесіп іске асырылады.