Павлодар облысы экономикалық өсім қарқыны бойынша елде төртінші орынға шықты
Өсімдер көбіне өнеркәсіп, құрылыс және сауда салаларында байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде 2026 жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Өңір экономикасының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталуда.
7 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,8%-ды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен (104,9%) 4,9%-ға жоғары. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша Павлодар облысы ел бойынша 4 орынға тұрақтады.
Экономикалық нәтижеге негізгі үлесті өнеркәсіп саласы қосуда. 7 айда 2,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, физикалық көлем индексі 107,1%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 10,7%-ға, сумен жабдықтау саласында 51,6%-ға, электрмен жабдықтауда 6,1%-ға жетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 646 млрд теңгеден асып, инвестициялардың физикалық көлем индексі 111,9%-ды құрады.
Басқа да салаларда оң динамика сақталуда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,6%-ға өсіп, 145,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығындағы өсім 21,3%-ды, мал шаруашылығында 2,2%-ды құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 234,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артты. 179 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Физикалық көлем индексі - 102,2%.
Ішкі сауда саласында да айтарлықтай өсім тіркелді - 25,4%. Оның көлемі 1 305 млрд теңгені құрады. Көлік саласында көрсетілген қызметтер көлемі 6,1%-ға өсіп, 239,7 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар, баға жағдайы салыстырмалы түрде қолайлы деңгейде сақталуда. Жыл басынан бері облыстағы инфляция 4,7%-ды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен (5,7%) төмен.
Тамыз айында негізгі бағыттар бойынша оң динамиканың сақталуы болжанып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 104,4% деңгейінде күтіледі. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде - 106,2%, электрмен жабдықтауда - 104%. Ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 5,3%-ға өседі деп болжануда. Инвестициялар көлемі шамамен 655 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Құрылыс саласында 9,4% өсім болжанып, 208,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ішкі сауда көлемінің өсімі 15%, көлік және байланыс қызметтерінің өсімі 104,7% және 100% деңгейінде болжанып отыр.

- Ең бастысы - облыс бойынша жалпы оң динамиканы көріп қана қоймай, төмендеу байқалған әрбір көрсеткішке дер кезінде назар аудару. Макроэкономикалық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырып, тәуекелдер бар бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау қажет, - деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.
Аумақтық бөліністе барлық негізгі индикаторлар бойынша оң динамика Павлодар қаласында, сондай-ақ Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Шарбақты, Ертіс және Тереңкөл аудандарында қамтамасыз етілді.
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне өсімді тежеп тұрған факторларды жою бойынша жұмысты күшейтіп, негізгі көрсеткіштердің оң динамикасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір бюджеті 99,9%-ға орындалды. 354,5 млрд теңге көлемінде жоспарланған облыстық бюджеттің шығыстары 354,3 млрд теңгеге игерілді. Қала және аудан бюджеттері 100%-ға орындалды.
Облыстық бюджеттің кіріс бөлігі бойынша 374,3 млрд теңге жоспарланғанымен, бюджетке 285,1 млрд теңге түсті немесе 76,2%. Бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер көлемі 51,2 млрд теңгеге немесе 21,9%-ға өсті.

Сонымен қатар, Павлодар облысының спортшыларын Жапонияда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындау мәселесі жеке қаралды. Қазіргі таңда өңірден спорттың 5 түрі бойынша 6 спортшы іріктелді. Бұдан бөлек, спорттың 8 түрінен тағы 14 спортшы қатысуға үміткер ретінде қарастырылуда. Қазір олар оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, іріктеу жарыстарына қатысуда.
Облыс әкімі спортшылардың құрлықтағы басты додаға сапалы дайындалуы үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етуді тапсырды.