Павлодарда халық табысы мен бағаның өсуі мәселесі талқыланды
Шаһарда Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен халық табысының экономикалық аспектілеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Халық партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Ағыбаевтың айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты – өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайды анықтау, баға мен тарифтердің өсуі жағдайында тұрғындардың сатып алу қабілетін талдау және халықты толғандырып отырған өзекті мәселелерді ашық талқылау.
– Біз халықпен және түрлі ұйымдармен тікелей кездесулер өткізіп, азаматтардың күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болып отырғанын анықтауға тырыстық. Бүгінде бұл мәселе, асыра айтпай-ақ, әрбір қазақстандықты алаңдатып отыр. Инфляциялық үдерістер тек біздің өңірге ғана емес, бүкіл республикаға тән. Сондықтан халықты қолдаудың нақты тетіктерін әзірлеу, ақпаратты жинақтап, оны орталық мемлекеттік органдар мен салалық министрліктерге жеткізу өте маңызды, – деді Әлімбек Ағыбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі дөңгелек үстелге мемлекеттік кірістер органдары, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері арнайы шақырылған. Бұл әлеуметтік жағынан осал топтарды, сондай-ақ жалақысы қазіргі баға деңгейіне сәйкес келмейтін азаматтарды қолдау мәселелерін бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді. Осындай кездесулер партия тарапынан тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Іс-шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары әлеуметтік жағынан осал санаттағы халықты қолдау шаралары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бұл санаттағы азаматтарға міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесі, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке, профилактикалық тексерулерге, диспансерлік бақылауға, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке басымдық беріледі. Сонымен қатар бекітілген тізімге сәйкес тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық көрсеткіштер болған жағдайда техникалық және әлеуметтік оңалту шаралары қарастырылған.
Сондай-ақ Қазақстан Халық партиясының сұрауына сәйкес облыстың медициналық ұйымдарында 2024-2025 жылдар аралығындағы ақылы медициналық қызметтердің құнына талдау жүргізілгені айтылды. Талдау нәтижесінде 32 медициналық ұйымның 11-інде ақылы қызметтер бағасының өскені анықталған.
Баға өсімі тіркелген ұйымдар қатарында Павлодар қаласының №5 емханасы, №1 қалалық ауруханасы, Ақсу қалалық ауруханасы, Екібастұз қаласының №2 емханасы, Ақтоғай аудандық ауруханасы, перинаталдық орталық, фтизиопульмонология орталығы және Екібастұз қалалық ауруханасы бар.
Маманның мәліметінше, бағаның өсуі халық арасында ең жиі сұранысқа ие қызметтер бойынша байқалған. Атап айтқанда, дәрігер-мамандардың қабылдау құны 7-150 пайызға дейін, зертханалық талдаулар 7-200 пайызға дейін, диагностикалық қызметтер (УДЗ) 15-246 пайызға дейін, ал рентгенологиялық зерттеулер 14 пайыздан жоғары деңгейде қымбаттаған.
– Бағаның өсуіне бірнеше негізгі фактор әсер еткен. Олардың қатарында 2021-2023 жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысының көтерілуі, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі және инфляцияға байланысты дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы медициналық ұйымдар ақылы қызметтердің бағасын өз бетінше белгілейтінін атап өткім келеді. 2013 жылдан бастап өңірдегі медициналық ұйымдардың басым бөлігі осы форматқа көшкен, сондықтан денсаулық сақтау басқармасы олардың тарифтерін бекітуге немесе келісуге құқылы емес, – дейді маман.

Мысал ретінде Павлодар қаласының №5 емханасы келтірілді. Бұл мекемеде 2018-2024 жылдар аралығында дәрігерлердің қабылдау бағалары өзгеріссіз сақталған. Алайда 2024 жылы кәсіпорынның қаржылық міндеттемелеріне байланысты тарифтер көтерілген. Қабылданған шаралар мекеменің кредиторлық берешектен шығуына және болашақта қызметкерлерді материалдық ынталандыруға бағытталған.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар көтерілген мәселелерді жүйелеп, халықты қолдау бойынша ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарға жолдау қажеттігін атап өтті.