Павлодарда №25 балабақшадағы жөндеу жұмыстары бақылауға алынды

Павлодарда №25 балабақшадағы жөндеу жұмыстары бақылауға алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Хасар Хабылбеков бөбекжай-балабақшада жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, кеңестік кезеңнен қалған ескі ағаш терезелердің салдарынан өңірдегі бірқатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бөлме температурасының төмен болуы өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен балабақшалардағы ескі терезелерді жаңарту жұмыстары басталған.

Нысанды аралау барысында мердігер ұйымның жұмысына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Осыған орай Хасар Хабылбеков жауапты қалалық қызметтерге анықталған олқылықтарды қысқа мерзімде жойып, жөндеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген талаптарға сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Басты мақсат – балалар үшін жайлы, жылы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді шаһар басшысы.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін балабақша тәрбиеленушілері үшін қолайлы жағдай жасалып, ғимараттың энергия тиімділігі де жақсарады деп күтілуде.