Павлодар облысында бірқатар әлеуметтік нысан жаңғыртылып жатыр
Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беретінін атап өтіп, өңірдегі барлық жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау басты міндет екенін айтты.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі қаладағы төрт әлеуметтік нысанды аралады. Соның бірі – музыкалық колледж. Қазіргі уақытта оқу орнында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Колледжде 300-ден астам дарынды жас білім алады.
Сондай-ақ Асайын Байханов олимпиадалық резервтің мектеп-интернаты мен колледжіне барды. Мұнда 337 оқушы мен студент білім алса, олардың 221-і 197 орындық жатақханада тұрады. Осыған байланысты жаңа мектеп, жатақхана және заманауи спорт инфрақұрылымын салу жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданған.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Ақпараттық технологиялар колледжі жатақханасының жаңарту жұмыстарын тексеріп, күрделі жөндеуден өткен облыстық мұрағат ғимаратын аралады. Қазіргі таңда мұрағат қорында бір миллионнан астам құжат сақталған.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл нысандардың барлығы өңірдің болашағына салынған маңызды инвестиция болып саналады. Сондықтан құрылыс пен жаңғырту жұмыстары жоғары сапамен және белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.
Посмотреть эту публикацию в Instagram