Павлодарда келер жылы 30 трамвай өткелін жабдықтау жоспарлануда

Павлодарда келер жылы 30 трамвай өткелін жабдықтау жоспарлануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығында трамвай инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру және жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл мәселелер қала әкімі Хасар Хабылбековтің трамвай басқармасының жұмысын дамытуға арналған кеңесінде талқыланды.

Кеңес барысында кәсіпорынның қазіргі қызметі, жолаушылар ағыны, трамвай жолдарының жай-күйі және инфрақұрылымды жаңғырту жоспарлары қаралды.

Павлодар қаласы трамвай басқармасы АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың мәліметінше, кәсіпорында 531 адам жұмыс істейді. 

– 2025 жылы трамваймен 14 миллион жолаушы тасымалданды. Трамвай жолдарының жалпы ұзындығы –89,4 шақырымды құрайды. Қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін сақтау көрсеткіші 99,7 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта ай сайын шамамен 2 миллион жолаушыға қызмет көрсетіледі, – деді басқарма төрағасы.

Қала әкімі, шаһарда соңғы жылдары облыс әкімінің қолдауымен трамвай өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, өткелдердегі шуды азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Қазір осы бағыттағы соңғы учаскелердің бірінде жұмыс жалғасып жатыр.

Алдағы жылы трамвай жолдарымен қиылысатын 30 жаяу жүргіншілер өткелін жабдықтау жоспарланған. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктері ескеріліп, олардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасау көзделіп отыр.

Кеңесте трамвай желісін дамыту және жаңа вагондар сатып алу мәселелері де сөз болды. Кәсіпорын басшысының мәліметінше, 10 жаңа трамвайды жыл соңына дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, қала әкімі мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, трамвай желісін дамытуға қатысты мәселелерді талқылауды тапсырды.

Жиын соңында Хасар Хабылбеков трамвай басқармасының ұжымына күнделікті еңбегі үшін алғыс айтып, қала басшылығы кәсіпорынды қолдауға дайын екенін жеткізді. Қалада көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстары жалғаса бермек.