Павлодарда аналар туралы әйгілі хадис тағы дәлелденді

Павлодарда аналар туралы әйгілі хадис тағы дәлелденді
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында «Борышкер» акциясы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Акция облыстық әділет департаментінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ полиция департаменті мен өңірлік жеке сот орындаушылары палатасының қолдауымен өтті. Алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, қарыздар азаматтардың көліктері есепке алынды. Мысалы, алиментшілердің үш автокөлігі айып тұрағына енгізіліп, 58 қарыздар азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды.

- Сондай азаматтардың бірінде төрт миллион теңгеден астам қарыз жиналды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылса, да көпке дейін қарызын төлеуден жалтарып жүрді. Іс насырға шауып, азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Оны білген қарыздар тұрғынның анасы ұлының қиын жағдайға тап болғанын қаламай, пәтерін сатып, қарызын өтеген еді, - дейді әділет департаментінің өкілдері.

Осылайша, «Жұмақ – ананың табанының астында» дейтін хадис тағы бір мәрте дәлелденді. 

Жалпы, облыс бойынша алимент төлеуден жалтарған 335 азамат бар, іздеудегілер 148. Бүгінде Павлодар облысының жеке сот орындаушылары алимент өтеу жөнінде 16 135 құжатты іске алған.