Павлодарда Ертіс үстінде серуендеу аймағы пайда болуы мүмкін
Павлодар облысының әкімі жұмыс сапары барысында жаңа көпірдің құрылыс барысымен және қолданыстағы ескі көпірдің техникалық жағдайымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нысанды әрі қарай пайдалану, абаттандыру және жаяу жүргіншілерге арналған қоғамдық кеңістікке айналдыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Жаңа көпірдің құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы қазанда Павлодар облысы тұрғындарымен кездесуі кезінде берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта ескі көпірдің жүк көліктері үшін қозғалысы оның техникалық тозуына байланысты шектелген. Бұған дейін нысанды бұзу мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда жобаға енгізілген есептеулер көпірді демонтаждау үшін миллиардтаған теңге қажет екенін көрсетті. Осыған байланысты оны сақтап қалу және жаңа форматта пайдалану мәселесі күн тәртібіне шықты.
Қазір көпірдің техникалық жағдайын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізілуде. Жұмыстардың негізгі бөлігі су астында атқарылып жатыр. Мамандар көпірдің тіректері мен судағы конструкцияларын тексеруде.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Алексей Логвиненконың айтуынша, зерттеу нәтижесі ескі көпірге қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін және оны әрі қарай пайдаланудың техникалық мүмкіндігін анықтауға жол береді.
– Техникалық қорытындыны қыркүйек айының ортасы мен соңына қарай алу жоспарланып отыр. Егер көпірді сақтап қалу туралы шешім қабылданса, онда оны жаяу жүргіншілер аймағына бейімдеу үшін арнайы жоба әзірленеді. Оның аясында көпірдің қолданыстағы аралық құрылымын жеңілдетіп, тіректерге түсетін жүктемені азайту және басқа да қажетті техникалық жұмыстарды орындау қарастырылмақ, – деді ол.
Алдын ала тұжырымдама бойынша ескі көпірдің аумағында автотұрақ, серуендеу және велосипед аймақтары, сондай-ақ фуд-корттар орналастырылуы мүмкін. Жоба жүзеге асқан жағдайда тұрғындар мен қала қонақтарының Ертіс өзенінің көрінісін тамашалап, бос уақытын жайлы өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады.
– Негізгі мақсат – адамдардың мұнда көлікпен немесе жаяу келіп, Ертістің көрінісін тамашалап, уақыттарын жайлы өткізуіне жағдай жасау. Болашақта бұл кеңістік біздің жағалаумен байланысып, оның жалғасы болуы да мүмкін, – деді Алексей Логвиненко.
Облыс әкімі Асайын Байханов көпірді абаттандырумен қатар, қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Жаяу жүргіншілер аймағын ұйымдастыру кезінде қоршаулар мен қауіпсіздік жүйелері қарастырылуы тиіс.
Сондай-ақ жаңа көпірге архитектуралық жарықтандыру орнату жоспарланған. Жоба әкімдікпен келісілген. Бұл нысанды қаланың жаңа көрікті орындарының біріне айналдырып, фотозона ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
– Менің ойымша, бұл жер жақсы орын болады: адамдар мұнда келіп, суретке түсіп, серуендей алады. Жалғыз мәселе – қазір көпірдің айналасындағы кеңістікті адамдардың Ертіске жақсы көрініс тамашалай алатындай етіп ұйымдастыруды ойластыру қажет, – деді Асайын Байханов.
Жаңа көпірде қозғалыс ашылғаннан кейін, 2027 жылы жұмыстарды қолданыстағы көпірге ауыстыру жоспарланып отыр. Барлық қажетті техникалық және жобалық шешімдер қабылданған соң, аумақты абаттандырудың нақты мерзімдері белгілі болады.
Әзірге ұсынылған нұсқа эскиздік жоба ретінде қарастырылуда. Түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін толыққанды жоба әзірленіп, оған қала тұрғындарының қажеттіліктері мен ұсыныстары да ескерілмек.