Павлодарлықтарға e-Otinish арқылы өтініш беру алгоритмі ұсынылды
Өңірде аталмыш платформа арқылы мемлекеттік органдарға өтініш беретіндердің саны артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
e-Otinish арқылы қандай мәселелерді шешуге болады
Егер үйіңізде ыстық су болмаса, тротуардағы қар уақытылы тазаланбаса, көше жарығы немесе интернет болмаса, e-Otinish платформасы арқылы өтініш жолдай аласыз. Сондай-ақ заңсыз қоқыс үйіндісі, балалар ойын алаңының қауіпті жағдайы немесе қоғамдық көлікті ұзақ күту мәселесі туралы хабарлауға болады.
Платформа арқылы әлеуметтік мәртебеге байланысты жәрдемақылар, зейнетақы төлемдері туралы ақпарат алуға, кәсіпкерлік пен білім беру саласындағы мәселелерді шешуге болады. Сонымен қатар, құқықтарыңыз бұзылса, шәкіртақы немесе жалақы төленбесе де өтініш беруге мүмкіндік бар.
Сервис өтініш берушінің тілінде қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда шағым түсіруге, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке қабылдауына жазылуға және олардың жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуге мүмкіндік береді.
Өтініш қанша уақытта қаралады
Қосымша мәлімет жинауды немесе тексеруді қажет етпейтін өтініштер 15 күнтізбелік күннің ішінде қаралады. Егер қосымша ақпарат анықтау қажет болса, қарау мерзімі екі айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Өтінішті қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы өтініш берушіге үш күнтізбелік күннің ішінде хабарланады.
Еске салсақ, e-Otinish платформасы өтінішіңізге кімнің және қалай жауап дайындап жатқанын бақылауға, қажет болса қосымша мәлімет енгізуге және үйден шықпай-ақ түпкілікті жауап алуға мүмкіндік береді. Биыл платформа арқылы 54 820 өтініш түсіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға көп.
Өтінішті қалай беруге болады
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің бастығы Қуандық Жұмалин өтініш беру тәртібін түсіндірді:
1. eotinish.kz ресми сайтына немесе Aitu, eGov mobile мобильді қосымшаларына кіріңіз.
2. Жүйеге авторизациядан өтіңіз.
3. Өтініштің түрін таңдаңыз (сауал, өтініш, шағым және т.б.).
4. Тізімнен қажетті мемлекеттік органды көрсетіңіз.
5. Өтінішіңіздің мәнін жазыңыз («шара қолдануды сұраймын», «құжат беруді сұраймын» және т.б.).
6. Қажет болған жағдайда мәселе туындаған орынды картадан белгілеңіз (мысалы, кәріз құдығының қақпағы жоқ, жол-көлік оқиғасы болған жер және т.б.).
7. Қажет болса аудио, бейне немесе фотосуреттерді тіркеңіз. Жалпы көлемі 150 МБ-тан аспауы тиіс. Ең көбі 25 файл қоса аласыз.
8. Нақты тұратын мекенжайыңызды көрсетіңіз.
9. Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе Digital ID арқылы қол қойып, жіберіңіз.
10. Өтініш жіберілгеннен кейін оған бірегей тіркеу нөмірі беріледі.
Айта кетелік, өтінішке берілген жауап оны жіберген пайдаланушының аккаунтына жолданады.