Павлодарлық мектеп оқушысы Мемлекет басшысының қолынан марапат алды
Ол еріктілік жолына 14 жасында түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық волонтерлер фронт-кеңсесінің волонтері Әдия Сәрсенбекова— еріктілік қызметте белсенділігімен танылып жүрген мектеп оқушысы. Ол екі жылдан бері қоғамдық жұмыстарға атсалысып, соңғы бір жылда еріктілер фронт-офисінің белсенді мүшесіне айналған. Әдия Сәрсенбекова Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқиды.
2026 жыл — Волонтерлер жылы аясында оқушының еңбегі жоғары бағаланып, Астанада өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы барысында Мемлекет басшысымен кездесуге қатысқан. Іс-шарада еліміздің әр өңірінен ең белсенді еріктілер таңдалып, Президенттің қолынан алғысхат табысталды. Әдия Сәрсенбекованың айтуынша, бұл марапат оған үлкен мотивация берген.
- Еріктілік — жай міндет емес, жүректен шығатын іс. Адамдарға шын ниетпен көмектесу керек, — дейді жас волонтер.
Ол еріктілік жолын 14 жасында, мектеп парламентіндегі «Еріктілер фракциясын» басқарудан бастаған. Кейін өз мектебінде еріктілер ұйымын ашып, тәжірибесін кеңейте түскен.
Бүгінде Әдия Сәрсенбекова қарттарға көмек көрсетіп, жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерін тазалауға қатысады, қарттар үйінде түрлі ойындар мен кездесулер ұйымдастырады. Сонымен қатар жастарға арналған еріктілер мектебінде алғашқы көмек, экологиялық волонтерлік және тимбилдинг бағытында тренингтер өткізеді.
Жас ерікті Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандық мектептерде спикер ретінде сөз сөйлеп, жастар арасында волонтерлікті насихаттап жүр.