Павлодарда ең таза, әдемі жеті аула анықталды
Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі «Үздік аула» байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауға қатысуға 25 өтінім түскен. Комиссия мүшелері үй маңындағы аумақты және балалардың ойын (спорт) алаңын тиісті санитарлық жағдайда ұстау, үйдің қасбетінің жай-күйі, кіреберіс аулада жарықтандырудың ақаусыз болуы, кіреберістердің есіктері мен үйдің қабырғалары жабыстырылған түрлі ақпараттардан таза болуы, ол үшін хабарландыру тақтасының ілінуі сияқты шарттар бойынша онға дейін балл қою жүйесімен бағаланған.
Сонымен қатар, үйдің подъездерінде кіреберістер мен пәтерлердің, диспетчер, ПИК телефондарының, пәтерлердің нөмірлері көрсетілген тақтайшалардың болуына, үй маңындағы аумақта гүлдер мен гүлзарлардың болуына назар аударылды.
– Пәтер иелерінің шағын сәулет нысандары мен подъездерді сырлау бойынша жұмыстарды орындауын, ортақ мүлікті мақсатты алым немесе жинақтаушы қор есебінен жөндеу, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына қатысуға келісім шарттарының болуы бойынша да балл қойылды, – деді тұрғын үй инспекциясы бөлімінде.
Конкурстық комиссия мұқият іріктеу жүргізіп, нәтижесінде жеті үздік аула анықталды. Атап айтқанда Бекхожин көшесі, 11/2, Ткачев көшесі, 14, Мәшһүр Жүсіп, 286, Павлов көшесі, 85/1, Нұрмағамбетов көшесі, 18/1, Лермонтов көшесі, 85, Айманов көшесі, 3 мекенжайларына «Ең үздік аула» атағы берілді.
Қатысушыларға құрылыс дүкендеріне сертификаттар табыс етілді.