Асайын Байханов: Еңбек өтілінің жоқтығы жастардың жолына кедергі болмауы тиіс
Облыс әкімі өткен аппараттық жиналыста көтерілген мәселелерді қозғады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Павлодар қаласының мансап орталығында болды. Орталықтың міндеті – жұмысқа орналасуға және жұмыспен қамтуға, АӘК тағайындауда жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Жыл басынан бері облыс орталығында жұмыссыз жүрген 7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 83 адам жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға гранттар мен шағын несиелер алды.
Әкім жақында мансап орталығының техникалық мамандығы бар жоғары оқу орнының түлегін жұмысқа орналастыра алмағанын еске салды.
– Еңбек өтілінің болмауы жастардың жолына кедергі келтірмеуі керек. Сіздердің қызметтеріңізге өзгеріс қажет. Жұмыстар нақты адамға бағытталуы тиіс, – дейді Асайын Байханов.
Одан кейін Асайын Байханов менталды ауытқулары бар жандарға тегін әлеуметтік қызмет көрсететін «Альрами» клуб үйінің жұмысымен танысты. Клуб үйінің басты міндеті – оның мүшелерін психологиялық оқшауланудан шығуға және нақты ортада өмір сүруге үйрету. Бұл Қазақстандағы осындай тәжірибені қолданатын жалғыз мекеме. Бүгінде аталмыш мекеме жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі ғимараттың қасбеті мен шатырын жаңартуға көмектесетін меценаттарды тауып беруге уәде берді.
Сонымен қатар, өңір басшысы жаңа ғимаратының құрылысы басталған балалар психоневрологиялық орталығына барды. Жалпы ауданы екі мың шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат көптеген балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау жасайтын өңірлік орталыққа барып, жұмысын тексерді. Балалар қонақтарға шығармашылық және спорттық жетістіктерін дамыту үшін әртүрлі іс-шараларға бара алатын жаңа автобус қажет екенін айтты. Әкім бейінді басқармаға 2024 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде осы мәселені қарауды тапсырды.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында қарттар үйі мен мүгедектерді оңалтудың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Асайын Байханов аға буын өкілдері мен балалар аса қамқорлыққа мұқтаж екенін айтып, ерекше көңіл бөлуді талап етті.
Фото: Есенжол Исабек