Павлодарда бірнеше көшеде су өшіріледі
Су құбыры желісіндегі апатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС мәліметінше, 20 мамыр күні «Ақмолатранстехмонтаж» ЖШС мердігер ұйымы Тоқтаров көшесі, 39 мекенжайында кәсіпорынмен келісімсіз жер қазу жұмыстарын жүргізген. Соның салдарынан диаметрі 700 миллиметр болатын су құбыры зақымданған.
Аталған апат фактісі уәкілетті және құқық қорғау органдарында тіркелген.
Коммуналдық кәсіпорынның хабарлауынша, мердігер ұйым осы уақытқа дейін апат салдарын жоймаған. Осыған байланысты «Павлодар-Водоканал» қалпына келтіру жұмыстарын өз күшімен жүргізуге мәжбүр болған.
Осыған орай 2 маусым күні сағат 00:00-ден 6:00-ге дейін Мақатаев – Назарбаев даңғылы – Әжібаева – Каз.Правда көшелері шекарасындағы тұрғын үйлерде су беру уақытша тоқтатылады.
Тұрғындарға алдын ала су қорын жинап қою ұсынылды.