Павлодарда «Ертіс» КВН лигасының жеңімпаздары 300 мың теңге ұтты

Павлодарда «Ертіс» КВН лигасының жеңімпаздары 300 мың теңге ұтты
Фото: @kvnpavlodar

Ақшалай сыйлық үшін бес команда күресті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Финалдық ойын өткен демалыста Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Көңілділер мен тапқырлар алаңында павлодарлық «Дуэт имени Аймауытова», «Мы Ща Выйдем», «Гараж лимон», қарағандылық «Жаным» және Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Чудо дети» командалары бақ сынасты.

Тартысты ойында «Жаным» командасының мүшесі Валерия Мисонова мен «Чудо дети» командасының мүшесі Ералы Ержан керемет актерлік шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналды. Оларға «Финалдағы үздік актерлік ойын» аталымы берілді.

Маусымның үздіктері болып қарағандылық ұжымның диджейі Алина Насырова мен «Мы Ща Выйдем» командасының мүшесі Асхат Қажымұқанов танылып, «КВН адамы» аталымына ие болды.

Финалдық ойын нәтижесінде 100 мың теңге көлеміндегі сыйлық лиганың қола жүлдегері атанған павлодарлық «Мы Ща Выйдем» командасына табысталды. 200 мың теңгелік ақшалай сыйлық пен лиганың күміс жүлдесін қалалық «Дуэт имени Аймауытова» және «Гараж лимон» командалары өзара бөлісті. Ал финалдың анық жеңімпаздары – «Жаным» командасы – бас жүлде 300 мың теңгені иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, КВН Чемпионатының финалының жүлде қоры қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын жүзеге асыру аясында құрылды.