Павлодарлықтар Түркістаннан әкелінген тарихи жәдігерлермен таныса алады

Археологиялық қазбалар жүргізілген қалалар тарихына арналған көрме паш етілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
16 қыркүйек «Ertis» музейінде сағат 11:00-де «Әзірет сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жәдігерлерінен ұйымдастырылған «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Көрменің мақсаты – Түркі халықтарына ортақ ұлы ғұлама Қожа Ахмет Яссауидің тарихи болмысы мен мұраларын ұлықтау, шәкірттері мен олардың еңбектерін таныту.
Көрмеде Түркістан оазисі қалаларының тарихы – Шербай, Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар мен Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері, Қожа Ахмет Яссауидің туған және өскен Сайрам-Исфиджаб, Ясы-Түркістан қалалары мен Яссауи шығармалары, ұстаздары мен шәкірттері, ізбасарлары туралы тарихи деректер, Ясауи кесенесінің салыну тарихы, ондағы сирек кездесетін бірегей тарихи мұралар туралы ақпараттар беріледі.
– «Әзірет сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің негізгі қорынан 90 экспонат ұсынылады, – деді «Ertis» музейінің қызметкерлері.
Салтанатты ашылу рәсіміне әкімдік, өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, сондай-ақ студенттер шақырылды. Көрме 18 қазанға дейін жалғасады.