Павлодарда ежелгі жануарларға жаңа есімдер беріледі

Бұл – шығармашылық байқаудың екінші кезеңі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еске салайық, алғашқы кезеңде қатысушылар «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішіне логотиптер әзірледі. Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін жираф, қылыш тісті жолбарыс және бөкен келесі кезеңнің негізіне айналды. Енді оларға есімдер берілуі тиіс.
Ежелгі жануарлардың сүйектері Ертіс жағасындағы «Қаз қонақ» ескеркішінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған.
Қазылар алқасы екінші кезеңнің мақсаты – әр жануардың болмысын ашатын, оқуға жеңіл, естілуі жағымды атауларды таңдау екенін атап өтті.
– Байқау ережесіне сәйкес, атаулар ерекше болуы керек және олардың мәдени, тарихи әрі табиғи маңызын айқындауы тиіс, – деді байқау комиссиясының мүшесі Александр Вервекин.
Жеңімпаздарға 100 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.
Байқау 21 қазанда басталды. Ұсыныстарды қабылдау 5 қарашаға дейін жалғасады, ал қорытынды 10 қарашада жарияланады.