Павлодарда қаңғыбас иттер дрон арқылы бақылауға алынады

Павлодарда қаңғыбас иттер дрон арқылы бақылауға алынады

Жергілікті ветеринариялық қызмет пен полиция тығыз әріптестікте жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Обылыстық ветеринариялық станциясының басшысы Марат Апсалықовтың айтуынша, иттің адамды қауып алу әр фактісі санитарлық-эпидемиологиялық станцияға хабарланады. Ит 10 күн бойы бақылауға алынып, арнайы карантинде ұсталады. Егер осы мерзім ішінде құтыру белгілері – дене қызуы, агрессия, судан қорқу – байқалмаса, оның дені сау деп есептеледі.

– Әрбір итті ұстаған соң, біз оны «Таңба» дерекқорына енгізіп, стерилизация, дегельминтизация және құтыруға қарсы вакцинация жүргіземіз. Толық сауығудан кейін ит өзінің бұрынғы мекендеу ортасына қайта жіберіледі, – дейді ол.

Сонымен қатар қоғаммен кері байланысты нығайту мақсатында ветеринариялық қызмет Instagram парақшасын жүргізіп отыр. Онда ұсталған, панажайда жүрген және жоғалған иттердің суреттері жарияланады. Волонтерлер де бұл іске белсене қатысып, иттерге иелер тауып, келісімшарт арқылы асырауға береді. Облыс бойынша иттерді аулауға жылына 4 миллион теңге, ал уақытша панажайды ұстауға 53 миллион теңге бөлінеді. Сонымен қатар, өлген жануарларды жою үшін өңірде екі жылжымалы инсинератор жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта крематор сатып алу жоспарда бар.

– Қаңғыбас иттерді тиімді бақылау үшін біз ветеринариялық қызмет байланыс операторларымен бірлесіп дрондарды пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл олардың жүріс-тұрысын жоғарыдан бақылап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Ал чип мәселесіне келсек, қазіргі чиптер спутниктік емес, тек сканермен оқылады. Құлағында сырғасы бар ит – стерилизациядан өткен, ал чиптерсіз ауланып, тексеруден өтеді, – дейді Марат Апсалықов.

Қоғам қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Мамандар тұрғындарды үй иттеріне жауапкершілікпен қарап, оларды байлаусыз жібермеуге шақырады. Қаңғыбас иттермен күрес тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның бірлескен ісі болуы тиіс.