Ғасырлармен үндескен: Павлодарда «Қаз қонақ» ескерткішінің логотипі пайда болды

Ғасырлармен үндескен: Павлодарда «Қаз қонақ» ескерткішінің логотипі пайда болды
Фото: Константин Шелков

Шығармашылық байқауға 25 жұмыс ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазылар алқасының құрамына облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері мен салалық сарапшылар кірді. Облыстық қоғамдық кеңестің экология және ТҮКШ мәселелері жөніндегі комиссиясының төрайымы Марина Регатунованың айтуынша, байқау ерекше табиғи нысанды насихаттау науқанының бір бөлігі.

Біз «Қаз қонақтың» айрықша маңыздылығына назар аудартқымыз келді. «Геппарион» бастамашыл тобы және демеушілердің қолдауымен ашық байқау ұйымдастырдық. Қатысушыларға ешқандай шектеу қойылмады, тіпті, нейрожелілерді қолдануға рұқсат берілді. Басты талап ескерткіш тақырыбын ашу. Логотипте міндетті түрде қаз және осы жерден табылған үш жануардың бейнесі болуы керек, деді Марина Регатунова.

Қорытынды бойынша «Қаз қонақ» табиғи ескерткішінің логотипіне арналған байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бірінші орыды Елена Фриауф пен Диляра Щуровская жеңіп алды. Екінші орын Станислав Новаковскийге бұйырса, үшінші орында Адель Әміренова иеленді. Ал осы ескерткіштен табылған үш ерекше жануардың (жираф, қылыштісті жолбарыс, антилопа) логотипіне арналған байқауда бірінші орынды Адель Әміренова, екінші орынды Мұрат Лебедев және үшінші орынды Карина Байтокина қанжығасына бұйырды.

Байқау жеңімпаздарының қатарында Торайғыров университетінің студенті, болашақ дизайнер Карина Байтокина бар.

Шабытты көңіл-күй болды. Байқау шарттарын көре сала логотип құрылымы ойыма келді. Павлодарлықтардың қонақжайлығын қаздар арқылы жеткізгім келді. Бұл қанаттылар әрдайым туған жеріне оралады. Көгілдір түс Ертісті, ал қазбалар элементтері ескерткіштің ғылыми құндылығын білдіреді, деді Карина.

Оның айтуынша, логотип Ертіс өзенін, «Қазқонақ» маңызын және көгілдір ою-өрнек арқылы павлодарлық менталитетті, яғни, табиғатқа, тарихи жадыға деген құрметті бейнелейді.

Еске салайық, «Қазқонақ» Ертіс жағалауындағы палеонтологиялық ескерткіш. Мұнда ежелгі жануарлардың гиппарион, мастодонт, қылыштісті жолбарыс секілді түрлердің сүйектері табылған.

Екі жыл бұрын Павлодарда «Геппарион» бастамашыл тобы құрылып, ескерткішті сақтау және насихаттау жұмыстарымен айналысып келеді. Сол уақыттан бері өңірдің бейжай қарамайтын тұрғындары белсенді жұмыс жүргізіп, шешімдер іздеп, қоғамдық алаңдарда мәселені көтеріп жүр.

Ғалымдар мен қала тұрғындары «Қазқонақты» сақтау бойынша ресми жоспар бекітуді сұрайды. Павлодарлық зерттеушілер ескерткішті зерттеуді жалғастырып, оның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіруде. 97 жыл ішінде бұл аумақ елеулі өзгерістерге ұшыраған.

Ескерткішке табиғи және антропогендік факторлар әсер етуде: Ертіс жағалауының шайылуы, тасқын және ағынды сулар, ластану. Мұның бәрі бүгінгі «Қазқонақ» жағдайына әкелді. Жағалаудың шайылу деңгейін бағалауға болады, бірақ қиындықтар бар: мысалы, 1971 жылмен нақты салыстыру мүмкін емес, себебі ол кезде GPS деректері болмаған. Дегенмен, аумақтың едәуір бөлігі жоғалғаны анық. Қазір жағалау белсенді түрде құлап жатыр, сайлар пайда болуда, негізгі сүйек қабаттары орналасқан аймақтарда опырылу жүріп жатыр. Жыл сайын жаңа олжалар жоғалып барады, дейді ғалымдар.

2002 жылғы топографиялық карталарға сәйкес, жағалау сызығының үштен бірі жоғалған. Бұрын жүргізілген абаттандыру жұмыстары жарамсыз күйге түскен және жаңартуды қажет етеді.