Ертістегі бөтен дақтар: экологтар тексеріс нәтижесін жариялады
Өзен суы қауіпсіз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, 16 наурыз күні зертхана мамандары дақтар табылған жерге барып, су сынамаларын алған.
– Зерттеу қорытындысы бойынша су құрамында ластаушы заттар анықталған жоқ. Өзен сағасын өндіріс үшін пайдаланып отырған кәсіпорын басшылығы соңғы күндері станцияда ешқандай апаттық жағдай болмағанын мәлімдеді, – деді Әсет Сыздықов.
Экологтар «Жылы ағыс» сағасының суын тек «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ пайдаланып отырғанын атап өтті. Су Ертістен бөлініп, электр станциясына салқын күйінде түсіп, қызған күйінде шығады. Ағындыны ластауы мүмкін басқа өндіріс орындары маңайда жоқ. Сондықтан мамандар үшін дақтардың пайда болу себебі әзірге түсініксіз. Кәсіпорын шынымен суды ластаған болса, зертханалық талдау мұны көрсеткен болар еді.
Ертіс суы таза деп танылды, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ.
Еске сала кетейік, Ертістегі майлы дақтарды Павлодар тұрғыны байқап, экологтарға хабарлаған. Бұл тексеріс жүргізуге себеп болды.