Павлодарда футбол жанкүйерлеріне түтін шашқаны үшін айыппұл салынды
Олар матч алдында қоғамдық тәртіпті бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты футбол матчы алдында қоғамдық тәртіпті бұзған төрт жанкүйерге қатысты әкімшілік істерді қарады.
Сот мәліметінше, 28 маусымда орталық стадион маңында матч басталар алдында азаматтар қоғамдық орында айқайлап, түтін шашкыларын қолданып, айналадағы адамдардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысында құқық бұзушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтты. Олар жанкүйерлер тобымен бірге матчқа қолдау көрсету кезінде пиротехникалық құралдарды пайдаланғандарын түсіндірді.
Сот құқық бұзушылардың кінәсі бейнежазбалармен, әкімшілік хаттамалармен және өзге де дәлелдемелермен расталғанын атап өтті.
Жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауы, өкінуі және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы ескеріліп, айыппұл мөлшері заңда көзделген көлемнен 30 пайызға қысқартылды.
Нәтижесінде төрт азаматтың әрқайсысына 60 550 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулылары заңды күшіне енді.