Павлодарда жол апатына себеп болған жүргізушіге айыппұл салынды

Павлодарда жол апатына себеп болған жүргізушіге айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бағдаршамда бұрылу кезінде қарсы бағыттағы көлікке жол бермеген жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік істі қарады. 

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 17 наурызда сағат 15:00 шамасында «HYUNDAI ELANTRA» көлігін басқарған жүргізуші М.Жүсіп көшесімен келе жатып, Қайырбаев көшесінің қиылысында жасыл түске солға бұрылған. Алайда ол қарсы бағытта тура қозғалып келе жатқан «HYUNDAI ACCENT» автокөлігіне жол бермей, соқтығысқан. 

Жол апаты салдарынан екі көлікке де механикалық зақым келіп, материалдық шығын келген. 

Сот отырысында жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірген. Жәбірленуші де оқиға мән-жайын растаған. 

Сот бұл құқық бұзушылықтың бір жыл ішінде қайталап жасалғанын анықтады. Жүргізушінің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды. 

Сот қаулысымен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 121 100 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Қаулы заңды күшіне енді.