Павлодар облысында үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталық құрылуы мүмкін

Павлодар облысында үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталық құрылуы мүмкін
Фото: автор

Форумда волонтерлік пен гранттық қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Достық үйінде» өңірімізде мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен жастар арасында ашық диалог орнатуға бағытталған өңірлік азаматтық форум ұйымдастырылды. Жиынның ашылуында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мұндай алаңдардың қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Әділеттілікке ұмтылған, ел болашағы үшін жауапкершілік алатын азамат – біздің қоғамның басты тірегі. Өңірімізде қоғамдық кеңестер, жергілікті қауымдастықтар мен жастар қозғалысы белсенді дамып келеді. Бұл – қоғамдағы оң өзгерістердің нақты көрінісі, – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова форумға қатысушыларға алдағы жоспарларды таныстырды. 

– Биыл қазан айында Астанада XII Республикалық азаматтық форум өтеді. Оған дейін өңірлік кездесулерде ұсынылған пікірлер мен бастамалар ескерілмек, – деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Мемлекет пен ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді» деп атап өтті. Сонымен қатар, ол үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы әзірлеу және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс критерийлерін жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес екі ірі заң жобасы әзірленуде: «Үкіметтік емес ұйымдар туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру» туралы болды.

Соңғы бес жылда елімізде үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыру көлемі екі есеге артып, 35,9 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде 116 әлеуметтік жобаға 4,4 миллиард теңге бөлінген.

– Қаржыландыру формалды көрсеткіштер үшін емес, халықтың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыратын жобаларға бағытталуы тиіс, – деді Жанаргүл Әлжанова.

Сонымен қатар, Павлодар облысында әзірге үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталық жоқ. Жаңа заң жобасында мұндай орталықтарды құру міндетті болмақ. Алдағы уақытта ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған арнайы семинар өткізу жоспарланып отыр.

Бүгінде елімізде 263 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Павлодар облысында олардың құрамының 72,68 пайызын азаматтық қоғам өкілдері құрайды, жастардың үлесі – 17 пайыз.

Ал волонтерлік бағытта республика бойынша 755 ұйым бар, олардың құрамында 275 мыңнан астам ерікті тіркелген. «Таза Қазақстан» акциясы аясында соңғы жылдары 15 мыңнан аса шара ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам адам қатысқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғам белсенділігінің артуы мен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін дамыту азаматтық қоғамды нығайтуға үлес қосады.