Павлодар облысының моноқалалары жылыту маусымын толық дайындықпен қарсы алды
Ақсу қаласында жаңа қазандықтың сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, екі қалада да жылу көздері мен инженерлік желілерде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық ақаулар дер кезінде жойылған.
– Екібастұзда күзгі гидравликалық сынақтар кезінде анықталған 52 ақау толық қалпына келтірілді. Магистральдік және орамаішілік желілерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Ал Ақсу қаласында жаңа қазандықтың сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға және алдағы жылдары желілерге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған, – деді Ержан Иманзайыпов.
Өңірдегі барлық автономды қазандықтар уақтылы қосылған, ал әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің барлығы жылытуға дайын. Барлығы 394 қазандық іске қосылды.
Сонымен қатар, жүргізілген техникалық жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 1,5 пайызға төмендеген.
Басқарма басшысы көмір қоры бойынша да жағдайдың тұрақты екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда өңірдің қоймаларында 40 мың тонна қатты отын бар, оның ішінде 11 мың тоннасы Павлодар қаласында сақталып тұр. Көмір жеткізу процесі жоспарлы түрде жүруде, – деді Ержан Иманзайыпов.
Айта кетерлігі, өңірде қатты отын бағасының тапшылығын болдырмау және тұрақтандыру мақсатында басқарма мен ірі көмір өндіруші компаниялар арасында ағымдағы жылдың соңына дейін «Павлодар облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы» меморандум жасалды.
Жылыту маусымының басынан бері облыс әкімдіктерінің атына 223 өтініш келіп түскен. Барлық шағымдар қаралып, қажетті шаралар қабылданған.