Павлодар облысында машина-трактор паркін жаңарту қалай жүзеге асырылуда?

Павлодар облысында машина-трактор паркін жаңарту қалай жүзеге асырылуда?
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Бүгінде облысымызда  16 мың ауыл шаруашылығы техникасы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов аппараттық жиналыста ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту  жоспары қалай  жүзеге асырылып жатқаны жайлы сұрады. 

 – Биыл машина-трактор паркін жоспарлы жаңартуды ынталандыру мақсатында 18 миллиард теңге бөлінді. Жыл басынан бері осы бағдарламалар бойынша 10 миллиард теңгеден астам қаражат игеріліп, 1,4 мың өтінім субсидияланды. Оның 8,3 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялауға бағытталған, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев.

Басқарма басшысының сөзінше, жыл сайын 16 мың бірлік техниканың 4-5 пайызын, яғни бір жылда 700-800 бірлік техниканы жаңарту жоспарланып отыр.  

– Алайда, қосымша қаражатты қажет етеді. Бүгінде бұл мәселе бойынша министрлікпен келісім жүргізудеміз. Сонымен қатар, қосымша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 18 миллиард теңге сомасына 192 кредит берілді. Жоспарланған және қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жылына 4%-ға дейін жеткізіледі, – дейді Марат Ақтаев.

Облыс әкімі Асайын Байханов Марат Ақтаевқа ауыл шаруашылығы басқармасының барлық белгіленген бағыттары бойынша жұмысты жалғастыруды, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бойындағы суармалы жерлерді өзгертуді, пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруды тапсырды.