Павлодарда картоп бағасы қымбаттауы мүмкін
Тұрақтандыру қорында 250 тонна жергілікті картоп қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов мәлім етті.
– Маусым айының басынан бастап облысқа оңтүстіктен жаңа піскен картоп келе бастайды, сондықтан бағаның шамалы өсуі мүмкін. 400 тонна картоп пен 200 тонна пияз сатып алу жөнінде алдын ала келісім жасалды. Баға бойынша келіссөздер жалғасуда, – дейді Бек Оразғұлов.
«Павлодар ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары картоп өндірісінде Павлодар облысы көшбасшы бола отырып, неліктен жазда Орталық Азия елдерінен картоп сатып алуға мәжбүр болатынын түсіндірді.
– Біз солтүстік өңірде екенімізді ұмытпауымыз керек. Алдыңғы егіннен алынған картопты тек мамыр-маусым айларына дейін сақтауға болады. Маусым айында оңтүстік көршілерден картоп сатып алынады, осы кезеңде баға көтеріледі, – дейді ол.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы сауда саясаты бөлімінің басшысы Кәрімжан Байсарин азық-түлік бағасының индексі тұрақты түрде төмендеп келетінін, соңғы аптада ол 0,1 пайызды құраса, жыл басынан бері ол шамамен бір пайызға өскенін мәлімдеді.
Картоп, күнбағыс майы, орамжапырақ пен пияз арзандады. Оның үстіне, бағаның төмендеуі маусымдық өзгерістерге ғана байланысты емес. Мәселен, осыдан тура бір жыл бұрын пияз 180-200 теңге болса, қазір 80 теңге.
Бүгінде облыста тұрақтандыру қорының 216 серіктес дүкені әлеуметтік өнімдерді сатуда.