Павлодарда қауіпті дрифт жасаған жүргізуші жауапқа тартылды

Павлодарда қауіпті дрифт жасаған жүргізуші жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүргізуші бірнеше жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Мәшһүр Жүсіп пен Ломов көшелерінің қиылысында BMW F10 автокөлігінің жүргізушісі маневр жасау қағидаларын бұзып, жолда қауіпті әрекеттерге барған. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Толстой көшелерінің қиылысында авариялық жағдай туғызып, өзге жүргізушілерді жол-көлік оқиғасын болдырмау үшін жылдамдығы мен қозғалыс бағытын күрт өзгертуге мәжбүр еткен.

– Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері BMW F10 автокөлігінің жүргізушісі тарапынан Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу фактілерін анықтады. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталып, жол берген құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінде.

Полиция жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар дрифт жасауға немесе қауіпті маневрлер көрсетуге арналмағанын еске салып, жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.