Баянауыл ұлттық паркінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда

Баянауыл ұлттық паркінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Баянауыл ұлттық табиғи паркінің тыныс-тіршілігімен және атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сапар барысында парк аумағында пайдаланылатын арнайы техникалардың жай-күйі қаралды. Бұл техникалардың табиғатты қорғау, аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алудағы маңызы атап өтілді.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары парк аумағында салынып жатқан ангар-гараж құрылысының барысын көріп, нысандағы жұмыстарды пысықтады.

Серік Төленбергенов ұлттық парктің табиғи мұраны сақтаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау жұмыстарын күшейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және парк қызметкерлеріне қажетті жағдай жасау – басты міндеттердің бірі.

– Табиғатты қорғау – ортақ міндет. Баянауылдың көркі мен табиғи байлығын бірге сақтайық – деді Серік Төленбергенов.

Облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта Баянауылдың табиғи байлығын сақтау және оның туристік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті.

Еске сала кетейік, Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағалауында жаңа модульдік құтқару капсуласы ашылды. Капсулада кезекшілік және демалыс бөлмелері, тамақтануға арналған орын мен санитарлық-тұрмыстық бөлме жабдықталған. Оның жанында техникаға арналған ангар және бейнебақылау камералары орнатылған құтқару мұнарасы орналасқан. Камералардан түсетін бейне бөлімшенің пультіне беріледі.