Павлодар облысында конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланды

Павлодар облысында конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Облыс әкімі Асайын Байханов Қазақстан митрополиттік округінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тараптар мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы, конфессияаралық келісім, рухани-адамгершілік тәрбие және қайырымдылық мәселелерін талқылады.

Асайын Байханов діни бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы және әлеуметтік бастамаларды қолдаудағы маңызды рөлін атап өтті.

- Өңіріміз үшін түрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара құрмет пен келісімді сақтау аса маңызды. Мемлекет діни бірлестіктермен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға әрдайым ашық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, адамдарға көмек көрсетуге және қайырымдылықты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайды, - деді облыс әкімі.

Павлодар облысында 12 конфессияны қамтитын 168 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 26 діни бірлестік православие бағытында. Қазақстан Православие шіркеуінің діни қауымдары 4 мыңнан астам діндарларды біріктіреді.

Православие діни қауымдарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қайырымдылық және демеушілік көмектер ғибадатханаларды жөндеуге және абаттандыруға, нысандарды күтіп-ұстауға, сондай-ақ коммуналдық шығындарды өтеуге бағытталады. Атап айтқанда, Екібастұзда «Богатырь Көмір» ЖШС қолдауымен 2026 жылы собор мен оның аумағына 6,6 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақсу қаласында облыс әкімдігі мен ERG арасында жасалған меморандум аясында Воскресенск шіркеуінің коммуналдық шығындарын өтеуге көмек көрсетілуде.

14-16 тамыз аралығындағы жұмыс сапары аясында митрополит Александр Павлодар қаласындағы кафедралды соборларда құлшылық рәсімдерін өткізеді. 15 тамыз күні Михаил-Архангельск соборында, 16 тамыз күні Благовещенск соборында құлшылық рәсімі өтеді. Одан кейін Қазақстан митрополиттік округінің басшысы Семей қаласына аттанады.