Аққулы ауданының қолөнершісі: Бельгиядан тапсырыс түскенде қатты қобалжыдым
Айымгүл Омарханованың мамандығы – технология пәнінің мұғалімі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2003 жылы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжді бітірген. «Дәстүрге жол» аналар қауымдастығының мүшесі. Тұрмысқа шығып, үш баланы дүниеге әкелгеннен кейін үй шаруасымен отырып қалған. 2021 жылдан бастап қолөнерге деген қызығушылығы пайда болып, кейін бұл кәсіпті табыс көзіне айналдырған.
– Бастапқыда тойларға себеттердің түр-түрін жасадым. Кейін тойбастар, қоржын, перде, сырға салу рәсіміне арналған құрақ-көрпе, балаларға матадан доптар тігуді үйреніп алдым. Бүгінде этношапандарға сұраныс артуда. Әсіресе, Наурыз мерекесі қарсаңында тапсырыс көбейіп кетеді, – дейді Айымгүл Омарханова.
Шебер 2020 жылы «ArtSport» бағдарламасы бойынша Аққулы ауданы мектебінде «Асыл шебер» үйірмесін ашып, балаларға қазақ халқының сәндік-қолданбалы қолөнерінің қыр-сырын үйретеді. Шәкірттерімен бірге Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп және Шарбақты ауданында Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесіне құрақ-көрпелер сыйға тартқан.
– Бельгиядан түскен тапсырыс ерекше есімде қалды. Павлодар облысынан Брюссельге көшіп кеткен отбасы жаңа жыл қарсаңында Іnstagram әлеуметтік желісі арқылы шықты. Басында біраз күмәнданып, қорқып қалдым, бірақ барлығын тексеріп шықтым. Осылайша Бельгияға төрт көрпе мен төрт жастық жібердім. Олар да жұмысыма риза болды, – дейді қолөнерші.
Айымгүл Омарханова Астана қаласында өткен республикалық «Тақия-fest», «Ұршық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бибігүл Карденовна бастаған фестивальдерге қатысқан. «Аламан құрақ» жобасы аясында қолөнершілер жәрмеңкесіне жолдама алған.
– Үйде отырған қыз-келіншектер үшін бұл кәсіптің пайдасы зор. Өз талғамыма қарай үйге қажетті құрақ-көрпе, перделер тігіп аламын. Кейде түн ортасына дейін отыратын кездер болады. «Еңбек түбі – береке» деп бекер айтылмаған. Бұл – мен үшін хобби ғана емес, табыс көзі. Тіпті, машинкаға отырмасам, дем жетпей қалады, – деп күледі қолөнерші.
Айта кетерлігі, ісмер декретте отырған аналар үшін тігін тігу бойынша тегін шеберлік сағатын өткізеді. Оның алдағы мақсаты – қазақтың төл мәдениеті мен өнерін насихаттау.