Павлодар ЖЭО-3 станциясында №1 түтін мұржасына күрделі жөндеу жүргізілуде

Павлодар ЖЭО-3 станциясында №1 түтін мұржасына күрделі жөндеу жүргізілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл станцияның күзгі-қысқы маусымда сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, түтін мұржасы пайдаланылу барысында жоғары температураның, түтін газдарындағы химиялық белсенді заттардың, атмосфералық жауын-шашын мен желдің әсеріне ұшырайды. Соның салдарынан құрылым материалдары тозып, жарықтар пайда болып, ішкі қорғаныс қабаты бұзылып, металл элементтер коррозияға ұшырайды.

Жөндеу аясында шойыннан жасалған мұржа ұшы ауыстырылып, ішкі беті тазартылады, қаптамасы қалпына келтіріледі, мұржа оқпаны сигналды бояумен сырланып, қызмет көрсету алаңдары мен жүргінші сатылары жөнделеді.

– Күрделі жөндеу жұмыстары станцияның күзгі-қысқы маусымдағы жүктемені сенімді көтеруі үшін қажет. Жөндеу 25 маусымда басталды, 25 шілдеде аяқталады, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жөндеу басқармасы басшысының орынбасары Максим Кононенко.

Қазіргі уақытта ЖЭО-3 станциясы штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қазан агрегаттары уақытша №2 түтін мұржасына ауыстырылған.