Павлодар облысында қандай жолдар жөнделеді?
Аймақтағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 5557 км, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасарының м.а. Инна Бейм ағымдағы жылы ұзындығы 600 км астам 194 жобаны іске асыру жоспарда екенін мәлім етті.
– Облыстың 3 қаласында, 12 ауданында, халық саны 598 мыңнан асатын 89 аулында жолдар жөнделеді, - дейді Инна Бейм. – Ағымдағы жылы жүзеге асырылатын ірі жобалардың бірі - «ГРЭС 1 – Басқамыс» автокөлік жолын қайта жаңарту. Аталмыш жол Екібастұз қаласын Ақтоғай ауданымен қосады.
Сонымен қатар, «Железин-Веселая Роща-Мыңкөл» автокөлік жолын іске асыру жоспарлануда. Оған қоса Баянауыл ауданының екі жолы – «Теңдік-Ұзынбұлақ» және «Қаражар-Южное» жолдары жөнделмек.
– Сондай-ақ «Амангелді ауылына кірме жол» жолын қайта жаңарту жұмыстары басталады, – дейді спикер. – Ағымдағы жылы 42 ауылдық елді мекендерге кірме жолды жөндеу жоспарлануда.
Айта кетейік, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5557 км, соның ішінде, 1662,8 км республикалық маңызы бар, 1010 км облыстық және 2 884 км аудандық маңызы бар автокөлік жолдары.