Павлодарда шаңғы жолы жаңартылды
Бұл спортшылардың жүгіру кезіндегі қозғалысын жақсартуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Зеленая роща» шаңғы базасында болып, шаңғы жарысы және биатлонмен айналысатын балалар мен ересектерге арналған спорт залдары бар жаңа әкімшілік ғимаратты қарады.
Жаттығу процесін сапалы өткізу үшін шаңғы базасының спорттық инфрақұрылымын нығайту, оның ішінде киім ауыстыратын бөлмелері, спорттық жабдықтарды сақтауға арналған орындары, спорт залы, сондай-ақ, ата-аналардың балаларын күтіп отыруына арналған орындары бар жеке ғимарат салу қажеттілігі туралы мәселені ата-аналар қауымдастығы алғаш рет 2022 жылдың қаңтарында көтерді.
Сол кезде қала әкімі қызметінде болған Асайын Байханов бұл мәселені шешу белгілі бір уақытты қажет ететінін бірден атап өтіп, алдағы уақытта шешуге уәде берген болатын. Өйткені, жер учаскесін анықтау, оны ресімдеу, ғимараттың өзін жобалау, қажетті мемлекеттік сараптамадан өткізу және ең бастысы жобаны қаржыландыру мәселесін шешу қажет болды.
Жаңа спорт нысанының құрылысы 2023 жылдың 3 тоқсанында басталып, бүгінгі таңда оның құрылысы аяқталды.
Бүгін өңір басшысы Асайын Байханов шаңғы жарысы мен биатлон секцияларына арналған жаңартылған спорт залында болды. Облыс әкімі жабдықталған гимнастика мен тренажер залдарын, киім ауыстыратын бөлмелерді, төрешілер мен жаттықтырушылар бөлмелерін аралап көрді. Бұл бөлмелердің болуы кәсіби спортшылардың да, қысқы спорт түрлерін ұнататын жандардың да жағдайын едәуір жақсартты және ыңғайлы жағдайда жаттығулар жасап, жарыстарға тиімді дайындалуға мүмкіндік береді.
Барлық деңгейдегі спортшыларға өз нәтижелерін жақсартуға көмектесетін заманауи жабдықтарға ерекше назар аударылды.
– «Зеленая роща» шаңғы базасына алғаш рет келіп, жас спортшыларымыздың қандай жағдайда спортпен шұғылданып жатқандарын көргендегі таңданысым әлі есімде. Балалар киімдерін жарық та, жылу да, су да, тіпті, дәретханасы да жоқ темір контейнерлерде ауыстырып жатқандарын көрдім. Спортшылар үшін жағдайды жақсартуға 20 жылдан аса уақыт қажет болғаны үшін кешірім сұраймын. Қазіргі жасалған жағдайлар көптеген балалардың қысқы спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беріп, олардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп сенемін, – деді Асайын Байханов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы құрылыстың кейбір олқы тұстарын сынға алып, жіберілген кемшіліктерді көрсетті, оларды жақын арада жоюды тапсырды.
Ғимаратты тексергеннен кейін облыс әкімі жаңартылған шаңғы жолында шаңғы жарысы бойынша өтіп жатқан Павлодар қаласының ашық біріншілігін тамашалады. Осы жылдың қыркүйек айының басында шаңғы жолы 800 метрге ұзартылып, толығымен жаңартылды және бұрылыстары кеңейтілді. Бұл спортшылардың жүгіру кезіндегі қозғалысын жақсартуға мүмкіндік берді.
Спорт нысанын реконструкциялау өңірдегі қысқы спорт түрлерін дамытудағы және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы маңызды қадам болды. «Зеленая роща» базасының шаңғы жолы өңіріміз үшін бірегей болып табылады және қалалық, облыстық чемпионаттарды ғана емес, республикалық деңгейдегі чемпионаттарды да өткізу үшін жақсы жағдайларды қамтамасыз етеді.
Мұнда жыл сайын шаңғы жарысы, шаңғы роллері, триатлон және басқа да спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарын қоса алғанда 120-дан астам спорттық іс-шара өткізіледі. Әрбір іс-шара 650-ге дейін қатысушыны, сондай-ақ, жаттықтырушыларды, төрешілерді және команда өкілдерін қосқанда 70-тен астам адамды жинайды.