Павлодар әкімі тікелей эфирде қала тұрғындарының сауалдарына жауап берді
Өтініштердің барлығы облыс орталығын абаттандыруға қатысты болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков тұрғындарға тікелей эфир жүргізді. Тұрғын үйлердің ауласындағы шұңқырларға шағымданғандар көп. Әкім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барлық өтініштерді қарауды тапсырды. Оның айтуынша, Сәтбаев көшесінің бойында Қайырбаевтан Исиналиевке дейінгі аралықта су желілері қайта жаңғыртылып жатыр. Коммуналдық қызметтер 15 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр.
Қала басшысы «Достық» ықшамауданында мердігердің алты кіреберісті тұрғын үйдің құрылысын аяқтап жатқанын айтты. Ондағы пәтерлер кезекке сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін болады.
Жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізу мәселесін бөлек түсіндірді. Оның айтуынша, бұл зақымдану көлемін азайтып, жылыту маусымын аман-есен өту үшін қажет шара.
Қаладағы масалар туралы сұраққа әкім қала тұрғындарының барлық өтініштерін тексеруге уәде берді.
Сөз соңында ол ТҮКШ бөліміне Павлодар қаласындағы барлық балалар ойын алаңдарын жарықтандыру мәселесімен айналысуды тапсырды.