2025 жылы Павлодар облысында қандай проблемалық жолдар жөнделеді?

Жүзден аса жобаны іске асыру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ағымдағы жылы бюджеттің әртүрлі деңгейінен 25 миллиард 4 миллион теңге сомасына ұзындығы 409 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту мен жөндеу бойынша 106 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 139 шақырым қиыршықтасты төсем асфальт-бетонға ауыстырылады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен апараттық жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров мәлім етті.
– Облыстық автожолдар бойынша жалпы сомасы 3 миллиард 800 миллион теңгеге ұзындығы 77 шақырымды құрайтын сегіз жобаны іске асыру жоспарлануда. Аудандық автожолдар бойынша жалпы сомасы 2 миллиард 300 миллион теңгеге ұзындығы 42 шақырым құрайтын бес жобаны іске асыру жоспарланған, – деді Қанат Қашкиров.
Аудан орталықтарынан шалғайдағы ауылдық елді мекендерге апаратын аудандық жолдарды жөндеу жоспарлануда. Мысалы, биыл «Аққу-Қазы-Майқарағай» және «Железин-Веселая Роща-Мыңкөл» автомобиль жолдарын толығымен жөнделіп, аяқталады. Кірме жолдар бойынша жалпы сомасы 6 миллиард 700 миллион теңгеге ұзындығы 102 шақырым 32 кірме жолды жөндеуді қамтитын 25 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, Амангелді ауылына кірме жолды қайта жаңарту бойынша үш жылдық жоба аяқталады. Бұл – жоспардағы ірі жобалардың бірі. Топырақ жамылғысынан асфальт-бетонға ауыстыру Амангелді ауылының тұрғындары үшін ыңғайлы жол жүруді қамтамасыз ету мәселесін шешеді.
– Ағымдағы жылы 32 кірме жолдың жөнделуін ескере отырып, 2026 жылы жөндеуді қажет ететін 31 кірме жол қалады. Осылайша, облыстың барлық кірме жолдарын жөндеуді аяқтаймыз, – деді Қанат Қашкиров.
106 жобаның ішінен конкурстық рәсімдері аяқталмаған 13 жоба ғана қалды. Олардың басым бөлігі Павлодар, Ақсу қалаларына, Баянауыл ауданына тиесілі. Конкурстық рәсімдер наурызда аяқталады.
Асайын Байханов республикалық маңызы бар «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна» және «Павлодар-Омбы-Майқапшағай» жолдары жылдан жылға нашарлап баратынын атап өтті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ермұрат Нұрханов нашар жолдардың мәселесі бақылауда екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен тоғыз нысан қамтылады. Жөндеу жұмыстарымен 196 шақырым жолдардың жөндеуі сегіз жобасы іске асырумен қамтылады, оның ішінде екі күрделі және алты орташа жөндеу объектісі. Жыл соңына дейін 87 шақырым жолды пайдалануға беріледі.
– 2025-2026 жылдарға арналған жөндеуге жұмыстарымен тағы да қосымша екі жолға қаражат сұрап жатырмыз: «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер» 56 шақырым, «Омбы-Майқапшағай» 60 шақырым. Министрлік қарастыруда. Бірақ қазір шұңқырларды жамаймыз, – деді Ермұрат Нұрханов.
Ал Екібастұз бен Майқайың арасын қосатын жолдың жобасы дайын. Құны – 2 миллиард 500 миллион теңге. 23 шақырымды қалпына келтіру үшін бюджеттік өтінім берілді, алайда кешіктіріліп жіберілгені үшін қабылданбады. Асайын Байханов бұл сұрақты қарастыру қажеттілігін атап өтті.
– Менің ойымша, оны бастап, екі жыл жасау керек. Майқайың және Екібастұз – ең маңызды туристік бағыт. Қаладан, соның ішінде Астанадан, Қарағандыдан келушілер осы жолмен Баянауылға қарай жүреді. Сондықтан бұл мәселені қарастыру керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы көпір салу жобасы бойынша тіректердің іргетасын орнату жұмыстары 90 пайызға аяқталды. №1 және №6 жағалау тіректерін салу жұмыстары орындалды. Биылғы жоспарда аралық құрылысты орнату жұмыстарын бастау қарастырылған. Еуропадан қажетті жабдықтарды жеткізу күтілуде.
Жиын соңында Асайын Байханов барлық жобалардың жалпы тізбесін жасап, бірыңғай ахуалдық орталыққа шығарып, апта сайынғы мониторингілеуді сәуірден бастауды тапсырды. Бұдан бөлек қала мен аудан әкімдер депутаттар қауымымен бірлесіп, жолдарды жөндеу және асфальттау жұмыстарын бақылауға алуды сұрады.