Павлодарда мыңыншы көлік заңдастырылды

Павлодарда мыңыншы көлік заңдастырылды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Ер адам өзінің көлік құралын заңдастырды және қазақстандық тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмірлік белгіні алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 жастағы тұрғын «Honda CR-V» маркалы автокөлігін Ресей Федерациясынан әкелген. 

– Заңдастыруға Қазақстан азаматтары әкелген шет елдің есебіндегі жеңіл көліктер, шағын және орташа автобустар, кішігірім жүк көліктері, басқару органдары оң жағында орналасқан көлік құралдары жатады. Акция басталғаннан бері Павлодар облысында 1000 автокөлік заңдастырылған.  Оның ішінде  978-і – Ресей Федерациясынан, 24-і – Армениядан,  төртеуі –Қырғызстаннан, екеуі – АҚШ-тан, екеуі – БАӘ-дан, біреуі  – Грузиядан, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев. 

EGOV.kz электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары  арқылы және  ХҚКО-да  өтінім беруге болады. 

EGOV порталы арқылы заңдастыруға 2371 өтінім түскен. 

Естеріңізге сала кетейік, ереже бойынша автокөлік 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінуі, криминалдық есепте тұрмауы, басқа мемлекетте  мекенжай бойынша тіркеуден шешілуі қажет. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттен әкелінген автокөлік кедендік тексеруден өткізілуі тиіс.  Заңдастыру жүйесі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.