Павлодар облысында ауылдар толықтай таза ауызсумен қамтылуға жақын

Барлық іске қосу жұмыстары жыл соңына дейін тәмамдалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қала және аудан әкімдерімен, сондай-ақ басқарма басшыларымен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және жылу беру маусымының өту барысы бойынша жиналыс өткізді.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл өңірде жалпы құны 10,2 миллиард теңгеге 22 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Павлодар қаласының Старый город, Горторг, Лесозавод, Хромзавод және Дачный шағын аудандарында сумен жабдықтау желілері салынуда. Ақсу қаласында 2023 жылы басталған желілерді реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындарды ауызсумен қамту көрсеткіші 98,5%-дан 100%-ға жетеді.
Облыстағы 352 ауылдық елді мекеннің 238-і орталықтандырылған сумен қамтылған, 92 ауылда модульдік блок-кешендер орнатылған, ал төрт ауылда су тарату колонкалары жұмыс істейді. Қалған 18 елді мекенде су тазарту блок-модульдік кешендерін орнату жұмыстары жүргізілуде, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде былтыр ауыл тұрғындарын таза сумен қамту деңгейі 98,2%-дан 99,1%-ға дейін өсті. 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне барлық су нысандарын 1 желтоқсанға дейін пайдалануға беруді тапсырды.
- Сумен жабдықтау - бұл адамдардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Халықты жүз пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету - бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Оның іске асыру сапалы әрі уақытылы болуы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы жылу беру маусымының тұрақты өту мәселесіне де ерекше назар аударды. Соңғы екі аптада облыс бойынша жылуға қатысты тұрғындардан 50-ден астам шағым келіп түсті.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу беру кезеңінің басында үйішілік жылумен жабдықтау жүйелерінің ақаулары, яғни, радиаторлардың ағуы және жылу желілеріндегі ауаның салдарынан төмен температура мен жылу берудің кешігу жағдайлары орын алғанын баяндады. Мәселелерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде мобильді бригадалар жұмылдырылып, реттеу және баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Асайын Байханов барлық кемшіліктерді қазан айының ортасына дейін толық жоюды, тұрғындармен кері байланыс орнатуды және әрбір үйге тұрақты жылу берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Фото: Валерий Бугаев